ДСМ жіті ішек инфекцияларымен ауру жағдайлары төмендегенін мәлімдеді
2026 жылдың жеті айында Қазақстанда жіті ішек инфекциясының (ЖІИ) 7 459 жағдайы тіркелді. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 2,2%-ға төмендеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жіті ішек инфекциялары жаз мезгілінде инфекциялық аурулардың өзекті топтарының бірі болып қала береді. Ауа температурасының жоғары болуы азық-түлік өнімдері мен суда инфекция қоздырғыштарының көбеюіне қолайлы жағдай жасап, жұқтыру қаупін арттырады.
Ішек инфекциясымен ауырғандардың үштен бірінен астамын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Тіркелген әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, індетке қарсы іс-шаралардың толық кешені жүзеге асырылады. Негізгі міндет — инфекцияның таралуына ықпал ететін ықтимал факторларды анықтап, оның одан әрі таралуына жол бермеу.
ЖІИ таралуының негізгі факторлары ретінде ластанған азық-түлік өнімдері, сапасыз ауызсу және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамау қалып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі ішек инфекцияларынан қорғанудың ең тиімді тәсілі қарапайым профилактикалық шараларды сақтау екенін еске салады.
ЖІИ-дің алдын алу үшін:
- қолды сабынмен үнемі жуу;
- тек қауіпсіз ауызсуды пайдалану;
- көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;
- азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтау;
- өнімдерді тек белгіленген сауда орындарынан сатып алу;
- рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау ұсынылады.
Аурудың алғашқы белгілері — жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы немесе дене қызуының көтерілуі байқалған жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше ем қабылдамау қажет.