Бүгін, 5 қазанда Атырау қаласындағы Құлманов көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің «Б» блогында лифттің үшінші қабаттан авариялық төмен түсуі орын алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Оқиға кезінде лифт ішінде 4 адам болған. Үш тұрғын жедел жәрдем бригадасымен медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Бір тұрғын медициналық көмектен бас тартқан.
«Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов оқиға орнына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындармен және жауапты қызмет өкілдерімен сөйлесті. Оқиғаның мән-жайын тікелей бақылауына алды», - делінген хабарламада.
Қала әкімі жауапты қызметтерге лифттің авариялық төмен түсуіне себеп болған жағдайды шұғыл анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифттердің техникалық жағдайына толық тексеру жүргізіп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды.
Еске салсақ, Астанада тұрғын үйдің бірінші қабатындағы ателье өртенген болатын.