Референдум-2026

Елімізде пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтау үшін 20 жоба жүзеге асырылады

Елімізде пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтау үшін 20 жоба жүзеге асырылады
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Елімізде геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру үшін 1:200 000 масштабындағы өңірлік зерттеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Жыл соңына дейін геологиялық-геофизикалық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 25 нысандағы жұмысты аяқтау көзделген.

«Негізгі бағыттың бірі — 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірілімге — геологиялық түсірілім-50-ге көшу. 2026 жылы алтын, мыс, полиметалдар, сирек жер элементтері, литий, вольфрам, молибден және басқа да стратегиялық пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 жобаны іске асыру басталды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу аз зерттелген шөгінді бассейндері аумағында 2Д сейсмобарлау жұмыстарының алты жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

2026–2028 жылдары геологиялық түсірілім және сейсмобарлау жұмысын жүргізуге Үкімет резервінен 40,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 32,7 млрд теңге ГС-50 жұмысына, ал 8 млрд теңге сейсмобарлау жұмысына бағытталады.

Жобалар аясында аэрогеофизикалық, геохимиялық және зертханалық зерттеулер, Жерді қашықтан зондтау деректерін дешифрлеу, бұрғылау және ұңғымаларды геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Еске салсақ, Қазақстандық мамандар АҚШ-тың геологиялық қызметінен гидрогеологияның озық тәжірибесін үйренді.