Астана полициясы қоғамдық орында бетті бүркеуге қатысты талаптарды түсіндірді
Астанада қоғамдық орындарда адамның келбетін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Мәселе адамның бет-жүзін толық жабу немесе оның сыртқы келбетін көзбен тануды едәуір қиындататын жағдай туралы болып отыр. Бұл ретте белгілі бір киім түріне немесе бас киімге тыйым салу туралы сөз болып отырған жоқ. Заңнамада бірқатар ерекшелік көзделген. Бетті жабуға қойылатын талаптар қызметтік немесе еңбек міндетін орындауға, медициналық көрсетілімге, азаматтық қорғауға, ауа райына, сондай-ақ спорт және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайда қолданылмайды», делінген хабарламада.
Департаменттің мәліметінше, алғаш рет талап бұзылған жағдайда ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Құқық бұзушылық белгісі анықталған жағдайда полиция қызметкерлері мән-жайды анықтап, заңда көзделген ерекшеліктің бар-жоғын тексереді. Әрбір жағдай жеке қарастырылады.
Астана полициясы азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға және заңда көзделген негіздер болған жағдайда бұл туралы полиция қызметкеріне хабарлауға шақырады.
Еске сала кетсек, елімізде қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға заң жүзінде тыйым салынды.