Референдум-2026

Жаңартылған бағалау жүйесі: аралық бағалау енгізіледі

Бүгін, 16:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жаңартылған бағалау жүйесі: аралық бағалау енгізіледі
Фото: ОКҚ

Формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы жетістігін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім аяқталғаннан кейін меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға бағытталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. 

«Аралық бағалаудың енгізілуімен бағалау жұмыстарының құрылымы да өзгереді. Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады және тоқсан соңында бұрынғы бағаланған бөлімдерді қамтитын жеке жиынтық жұмысы жүргізілмейді. Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Бұл білім алушының бағалау жүктемесін оңтайландырады және педагогтің ТЖБ тапсырмаларын бөлек әзірлеу, өткізу және тексеруге жұмсалатын уақытын қысқартады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Аралық бағалаудың тағы бір ерекшелігі – оның форматы және мазмұны. Енді диктант, бақылау, шығарма, мазмұндама секілді жазба жұмыстары аралық бағалаудың негізгі нысандарының бірі болады. Оларды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі.

Еске салайық, бұған дейін 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланатыны туралы жаздық.