Астанада әскери қызметшілер Спорт күніне орай 5 шақырым жүгірді
Спорт күніне орай Әуе қорғанысы күштерінің Ақмола гарнизонына қарайтын тәрбие құрылымының әскери қызметшілері елордадағы саябақта бес шақырымдық жүгіруге қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Спорттық бастаманы Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Талғат Сыздықов та қолдады. Әскери қызметшілермен бірге ол да бүкіл қашықтықты жүгіріп өтті. Оның айтуынша, әскери қызметшінің жақсы дене дайындығы – салауатты өмір салты ғана емес, кәсіби даярлықтың да маңызды шарттарының бірі.
– Тұрақты жаттығулар төзімділікті, тәртіптілікті және өз күшіне деген сенімділікті арттырады. Бірлескен спорттық іс-шаралар командалық рухты нығайтып, жеке құрамды белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырады, – деді полковник Талғат Сыздықов.

Әуе қорғанысы күштерінде спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау жіті назарда. Спорттық іс-шаралармен қатар, әскери қызметшілер үшін танымал қазақстандық спортшылармен кездесулер де ұйымдастырылады. Әр жылдары Василий Тахтай, Илья Ильин, Айтым Жақыпов, Шавкат Рахмонов және басқа да қазақстандық спорт шеберлері жеке құраммен кездескен.
Мұндай кездесулер барысында спортшылар жоғары нәтижелерге жету жолы, тәртіп пен жүйелі жаттығулардың маңызы туралы айтып, қиындықтарды еңсеру тәжірибесімен бөліседі.
Бұл формат әскери қызметшілерге танымал спортшылардың жетістік тарихымен танысып қана қоймай, спортпен шұғылдануға қосымша жігерлендіруге мүмкіндік береді. Елордада өткен бес шақырымдық жүгіру әскери қызметшілерді ортақ мақсат пен қашықтықты еңсеруде біріктіріп, Спорт күніне орай ұйымдастырылған, дене төзімділігін арттыруға және командалық рухты нығайтуға бағытталған іс-шаралардың бірі болды.
Еске салсақ, Астанада Спорт күніне орай үздік сала мамандары марапатталды.