Шетелдік компаниялар Қытай көлігі арқылы азаматтарды бақылап отыр – депутат
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінде елімізде техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмеген және бақылаусыз қалыптасқан. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылар нарықта қолжетімді.
Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады.
«Қазір банк картасы және интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам ақпаратты жасырын алу үшін техникалық құралды сатып ала алады. ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы мұндай құрылғыны өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салғанымен, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.
Құқық қорғау органдары рейд барысында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық затқа жасырылған бейнекамералар, көзілдірік және флешка сияқты құрылғылардың сатылғанын анықтады. Алматы, Теміртау және басқа да аймақтарда мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда бұл шаралар жүйелі емес, тек жеке жағдайға қатысты. Нарық еш кедергісіз жұмысын жалғастырып, ауқымын кеңейтуде.
Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – сырттан қарағанда заңды, кең таралған әрі сәнге айналған жаңа буын құрылғының ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы. Бұл құрылғылардың қаупін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады», - деді Әбутәліп Мүтәлі.
Сонымен қатар жаңа буындағы автомобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруты мен пайдаланушы ақпаратын шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалысы мен басқа да әрекетін бақылап, талдай алады.
«Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар.
Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оған міндетті сертификаттау мен лицензиялау талабы қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылуынан қорғайды және теріс мақсатта пайдаланудың алдын алады», - деді Мәжіліс депутаты.