Нотариустарды дербес деректерге қатысты бұзушылықтар үшін лицензиясынан айырады
Мәжіліс екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет мәселелері және заң көмегі мәселелері бойынша бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Заң нотариат туралы заңнаманы жетілдіруге және нотариаттық қызметке мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Негізгі өзгерістің бірі – атқарушылық жазбауды орындау тетігін өзгерту. Өндіріп алушыға атқарушылық жазба беру және жеке сот орындаушысын таңдау мүмкіндігі алынып тасталады. Жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемелер бойынша атқарушылық жазбалар автоматты түрде таратылатын болады.
Заң шеңберінде, заңнаманы бұзған нотариустардың жауапкершілігі күшейтіледі. Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнама талаптарын бұзу, сондай-ақ Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізу мерзімдерін бірнеше рет бұзу лицензияның қолданысын тоқтата тұруға қосымша негіз болады. Бұдан бөлек, нотариус электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқа тұлғаларға заңсыз берген жағдайда лицензиясы кері қайтарып алынады.
Заңда нотариаттық электрондық мұрағатты қалыптастыру тәртібі де бекітіледі.
Мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатымен нотариустарға басшылары, құрылтайшылары немесе акционерлері өздерінің жақын туыстарына жататын заңды тұлғаларға қатысты нотариаттық іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.
Еске сала кетейік, елімізде омартаның ветеринариялық паспорты енгізіледі.