Мүгедектер үшін жұмыс орындары квотасын белгілеу қағидасы айқындалды
Мәжіліс әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңды екінші оқылымда қабылдады. Оның негізгі ережелері техникалық және кәсіптік білім беру мен кәсіптік біліктілік жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ көші-қон саясатын реттеуге бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар екінші оқылымға дайындық барысында құжатқа енгізілген әлеуметтік-мәдени даму саласын қамтитын мәселелердің кеңеюіне байланысты заңның атауын өзгертуді ұсынды. Енгізілген түзетулер денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және инклюзивті білім беру салаларын қамтиды.
Мәселен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар қосымша қабылданды. Бұдан бөлек, елімізде медициналық газдарды қолдануды реттеу үшін «медициналық газ» ұғымы және оны мемлекеттік тіркеуден өткізу мен медициналық емес мақсаттарға пайдалануға тыйым салу бойынша талаптар енгізіледі.
«Өзгерістердің тағы бір блогы арқылы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет тәртібі заңнамалық тұрғыда айқындалады, сондай-ақ салымшының өтініші бойынша зейнетақы жинағын инвестициялық портфельдің басқарушысына инвестициялық басқаруға беру жөніндегі нормалар ұсынылады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындары квотасын белгілеу, оның орындалуын мониторингтеу және бағалау қағидалары айқындалды. Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың жалақысының субсидияланатын бөлігін Еңбек мобильділігі орталықтары арқылы төлеу тетігі енгізіледі», делінген хабарламада.
Еске салсақ, елімізде омартаның ветеринариялық паспорты енгізіледі.