Алматыда Disney студиясының «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлері мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Фильм елімізде 27 қарашадан бастап қазақ және орыс тілдерінде үлкен экрандардан көрсетіледі.
Бұл – биыл Disney-дің қазақ тілінде «сөйлеткен» төртінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен былтырдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды. Биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио» туындысы ұсынылды.

Іс-шараға дубляж актерлерінің толық құрамы мен танымал тұлғалар келді. Олар актриса және әнші Сабира Жарасқызы Джуди Хоппстың, театр және кино актёрі Бақытжан Әлпейіс Милтон Рыcевичтың, театр және кино актёрі Асан Мәжит Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), театр және кино актёрі Еркебұлан Дайыров Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын дыбыстады.
«Енді «Аңдар шаһары» сынды танымал туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерістерді көрсететін маңызды оқиға. Әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді», - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.