Биыл жаңа 25 жерде газ іздестіру үшін геологиялық барлау жүргізіледі

Биыл жаңа 25 жерде газ іздестіру үшін геологиялық барлау жүргізіледі
Фото: Энергетика министрлігі

Газ саласында 25 жаңа перспективалы учаске геологиялық барлауға енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен бірлесіп кешенді геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бағдарлама шикізаттық базаны нығайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Былтыр ұлттық компания Малдыбай, Шалқар, Аққұдық, Солтүстік-2 және Саралжын учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану жөнінде 5 келісімшартқа қол қойды. Үш жобаға стратегиялық серіктестер тартылды. Ал екі учаскедегі жұмыстар бейінді еншілес ұйымның күшімен жүргізіледі.

Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. CNPC компаниясымен келісімге қол қойылып, тікелей келіссөздер кезеңі аяқталды. Қазір Солтүстік-1 учаскесі бойынша келісімшарт жасалуы тиіс. Сонымен қатар Eni компаниясымен Каменковский учаскесі бірлесіп зерттеліп жатыр.

Chevron корпорациясымен әріптестік аясында КТ-III учаскесі бойынша 3D-сейсмобарлау деректерін интерпретациялау сәтті аяқталды. Нәтижесінде жоба экономикалық бағалау кезеңіне өтті. Сонымен қатар негізгі магистральдық газ құбырлары бойында жаңа жерасты газ қоймаларын салу бойынша кешенді есеп әзірленді.

2026 жылы ресурстық базаны игеру қарқыны артады. Жоспарға сәйкес, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 25 жаңа перспективалы учаске енгізіледі.

«Елімізде геологиялық зерттеулер мен жер қойнауын пайдалануда белсенді жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар, іздестіру жұмыстарының географиясы Орталық Каспий маңы, Теңіз және Шу–Сарысу бассейндерінде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алумен кеңейеді. Компания Балқаш шөгінді бассейнінің келешегін егжей-тегжейлі талдап, алдағы геологиялық барлау бағдарламасын нақтылайды», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін Біртұтас электр энергетикалық жүйеге қосылады.