АҚШ-тан келген әуесқой музыкант мерекелік концертте «Адай» күйін орындады

АҚШ-тан келген әуесқой музыкант мерекелік концертте «Адай» күйін орындады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында Республика күніне орай «Біздің жәрмеңке» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Концерт барысында халық әндері, күйлер, жыр-термелер орындалып, көпшілікке ұлттық билер ұсынылды.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, белгілі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов, күйші-зерттеуші Айтолқын Тоқтаған, «Қыздар» ансамблі мен «Шалқыма» би ансамблі болды.

Мерекелік концертте АҚШ-тан келген әуесқой музыкант Джефф көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ол домбырамен Құрманғазының әйгілі «Адай» күйін орындады. Музыканттың өнері кеш мазмұнын толықтырып, қазақтың күйіне шетелде де қызығушылық жоғары екенін көрсетті.

«Біздің жәрмеңке» дәстүрлі ән-күй, ұлттық би өнері мен қазіргі орындаушылардың шығармашылығын қамтыды. Кеш бағдарламасы ұлттық мәдени мұрамызды сақтап, оны кеңінен насихаттаудың маңызын айқындай түсті.