1,2 млн-нан астам кәсіпкер арнаулы салық режимін таңдады - комитет

1,2 млн-нан астам кәсіпкер арнаулы салық режимін таңдады - комитет
Фото: freepik.com

1 наурызда салық салу режимін таңдау бойынша өтпелі кезең аяқталды. Кәсіпкерлер алдағы уақытта қай салық режимі бойынша жұмыс істейтінін түпкілікті айқындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің мәлімдеуінше, 1,2 млн-нан астам кәсіпкер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін таңдады. Бұл – шағын және орта бизнес арасында ең сұранысқа ие режим. Оңайлатылған декларация жылдық табысы 600 мың АЕК-ке дейін (шамамен 2,6 млрд теңге) кәсіпкерлерге қолжетімді.

«Режимнің артықшылықтары қызметкерлер санына шектеу жоқ, бұл жұмыспен қамтуды заңдастыруға ықпал етеді. Бірыңғай КТС/ЖТС мөлшерлемесі – 4% (мәслихаттар мөлшерлемені 50%-ға дейін төмендетуге немесе арттыруға құқылы), қосымша құн салығынан босатылады. Декларация тапсыру және салық төлеу жылына 2 рет жүзеге асырылады. Бұл шарттар бизнесті жүргізуді жеңіл әрі болжамды етеді», делінген хабарламада.

Қазір 346 мың азамат өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы режимді қолданады, оның ішінде 265 мыңы – жаңа қатысушы. Бұл 265 мың адамның «көлеңкелі» жұмыспен қамтудан шығып, ресми түрде жұмыс істей бастағанын білдіреді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді ай сайынғы табысы 300 АЕК-ке дейін (шамамен 1,3 млн теңге), жалдамалы жұмыскері жоқ, дербес кәсіпкер ретінде тіркелмеген, рұқсат етілген қызмет түрлерін (40 түрі) жүзеге асыратын, бұрын патент немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген ҚР азаматтары және қандастар қолданады.

Оның артықшылығы дербес кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді, жеке табыс салығынан босатылады, табыстың 4%-ы мөлшеріндегі бірыңғай әлеуметтік төлем төленеді, оған зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналар кіреді. Бұл режим ресми түрде жұмыс істеуге, зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға және әлеуметтік қорғау алуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, елордада 159 мыңнан астам кәсіпкер жаңа салық режимін таңдады.