Елордада 159 мыңнан астам кәсіпкер жаңа салық режимін таңдады
Астанада 159 мыңнан астам кәсіпкер жаңа салық режимін таңдады. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 25 ақпандағы жағдай бойынша арнаулы салық режимдеріне көшу қорытындыларын жариялау барысында мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
1 наурызға дейін салық төлеушілер өздеріне қолайлы салық салу режимін таңдауы қажет. Хабарлама берілмеген жағдайда кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Департаменттің мәліметінше, бүгінгі таңда 159 869 салық төлеуші салық режимін өзгерту туралы хабарлама тапсырған.
Сонымен қатар елордадағы 29 131 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимінде тіркелген.
Ведомство еске салады: егер салық төлеуші белгіленген мерзімде хабарлама тапсырмаса, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ол 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне көшіріледі.
Департамент кәсіпкерлерді салық режимін таңдауды кейінге қалдырмай, рәсімді 1 наурызға дейін аяқтауға шақырады.
Еске салсақ, Астанада «Халық бухгалтері» акциясы аясында 3 мыңнан астам кәсіпкер тегін кеңес алды.