Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай «Қазатомөнеркәсіп» ұжымымен кездесті
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бас кеңсесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. ҚР Парламентінің депутаттары мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеген іс-шараға компания басшылығы мен қызметкерлері, еншілес кәсіпорындардың жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Алқалы жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Конституциялық комиссия мүшелері — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов сөз сөйледі.
Кездесу барысында сенатор Бибігүл Жексенбай кәсіпорынның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және өнеркәсіптік дамудағы стратегиялық рөлін атап өтті. Ол Конституция жобасында ғылым мен инновацияға басымдық берілуі өндірісті жаңғыртуға, цифрлық технологияларды енгізуге және отандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға құқықтық негіз қалыптастыратынын айтты.

Сондай-ақ еңбек құқығын конституциялық деңгейде қорғау, цифрлық ортадағы қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілік мәселелері сөз болды. Сенатордың айтуынша, жаңа Конституция тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастырып, ұзақ мерзімді индустриялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Бибігүл Жексенбай ұжым мүшелерін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырып, мемлекеттік институттардың сапасы ел экономикасының дамуына және әр азаматтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Жалпыұлттық коалицияның мүшелері «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ұжымымен кездескенін хабарладық.