Жалпыұлттық коалицияның мүшелері «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ұжымымен кездесті

Бүгін, 14:12
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жалпыұлттық коалицияның мүшелері «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ұжымымен кездесті
Фото: Жалпыұлттық коалициясының медиа-штабы

Астанада «QazaqGaz» ұлттық компаниясы ұжымына жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара онлайн және оффлайн форматта өтті, оған 5 мыңнан астам қатысушы қосылды. 

Кездесудің негізгі мақсаты – энергетика саласының қызметкерлерін конституциялық реформаның негізгі бағыттарымен толық таныстыру болды.

Іс-шараға «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, Сенат депутаттары - Геннадий Шиповских, Бибігүл Жексенбай және «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық штабының төрағасы Ерлан Каналимов қатысты.

«Бұған дейін біздің орталық аппараттағы компанияларымызда, олардың әр аймақтағы филиалдарында Конституция жобасын талқылау болды. Біздің кеңсемізге Мәжіліс депутаттары да келді. Бүгін осы конституциялық реформа бойынша туындайтын сұрақтарға жауап беру үшін Сенат депутаттары келіп отыр», - деген «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қызметкерлер мен жұртшылықтың белсенді азаматтық ұстанымы әділ әрі прогрессивті Қазақстанды қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

Спикерлер стратегиялық инфрақұрылымды дамыту, еңбек құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру мәселелері туралы айтты. 

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы құрылып, Конституциялық реформаға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аймақтарды аралап жүрміз. Қазіргі уақытта жаңа Конституция не үшін қажет екендігін, қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын түсіндіреміз. Бүгін «QazaqGaz» компаниясы ұжымымен кездесіп отырмыз. Өйткені жаңа Конституция қызметкерлердің құқықтарын нығайтуға және басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл, әсіресе, стратегиялық салалар үшін маңызды», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских. 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Конституциялық референдумның ел тағдыры үшін маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ жаңа жобаның артықшылықтарын баяндады. 

«Әдетте еліміздің байлығы - жеріміз, жерасты байлығымыз дейміз. Бірақ XXI ғасырдағы ең үлкен құндылық - адам. Қазақстандықтардың құқығы басты орында. Бұл Ата заңымыздың преамбуласынан бастап негізге алынып отыр. Сіздер - бүкіл Қазақстанға қуат сыйлап отырған сала маманысыздар. Ел экономикасына үлес қосып отырсыздар. Жасыратыны жоқ, мұнай саласы болсын, газ саласы болсын, сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы, тәуекелділігі жоғары сала болып есептеледі. Дәл осы еңбек адамдарының құқығы, олардың әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің Ата заңда арнайы баппен көрсетілген.

Жаңа Конституция жобасы азаматтарға қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік береді, тең құқықтар мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етеді. Әрбір қызметкер өз құқығы мен міндетін түсінуі маңызды», - деді Бибігүл Жексенбай. 

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасты. Энергетика саласының қызметкерлері конституциялық кепілдіктердің маңыздылығын талқылады.