Жас домбырашылар референдумға арнап күй шығарды

Жас домбырашылар референдумға арнап күй шығарды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Талантты домбырашылар Пернебек Мардан мен Өмірзақ Әмір алдағы референдумға деген көзқарасын күй арқылы жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қаласы өңірлік коммуникциялар қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Домбырашылардың үлкен саяси науқанға арнап шығарған күйі елдің, әсіресе,  жастардың арасында тез тарап үлгерді. Осылайша олар көңіл көтеріп қана қоймай, жастарды елдің болашағы туралы ойлануға да  ынталандырмақ болды. 

Пернебек Марданның айтуынша, адамдарды  ортақ істе жұмылдырар кезде көпшілігі  музыканың әлеуетін ескере бермейді.

«Біз  осындай тарихи сәтке куә болып, оған тікелей атсалысатындай үлкен мүмкіндік туып тұрғанын музыка арқылы көрсеткіміз келді»,- деді жас күйші.

Өмірзақ Әмір жаңа күй қабылдауға жеңіл, мәні де терең болып шыққанын айтты. 

«Әр аккорд, әр дауыс маңызды екенін еске салады және болашақты бірге құратынымызды білдіреді», - деді ол.

Қазір әлеуметтік желіде жаңа күйге баға беріліп жатыр.

15 наурыз күні жаңа Конституция бойынша өтетін республикалық референдумда Пернебек пен Өмірзақтың күйі осы маңызды күнді музыкалық жағынан сүйемелдемек.

Еске сала кетсек, референдумда дауыс беру кезінде азаматтар тіркеу орны бойынша емес, өзіне ыңғайлы кез келген сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік беретін ресми құжат – есептен шығару куәлігін пайдалана алады.