15 наурыздағы референдум: басқа учаскеде қалай дауыс беруге болады

15 наурыздағы референдум: басқа учаскеде қалай дауыс беруге болады
Фото: freepik.com

Елімізде референдумда дауыс беру кезінде азаматтар тіркеу орны бойынша емес, өзіне ыңғайлы кез келген сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік беретін ресми құжат – есептен шығару куәлігін пайдалана алады, деп хабарлады Elordainfo.kz  қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

15 наурызға белгіленген жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға байланысты есептен шығару куәліктерін алу тәртібі төмендегідей: берілетін мерзімі: 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін (қоса алғанда).

«Қайдан алуға болады? Тұрақты тіркеу орны бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан (УСК). Қажетті құжаттар: жеке өзі келіп, жеке куәлігін көрсетуі қажет (eGov Mobile қосымшасындағы электрондық нұсқасын пайдалануға болады) және жазбаша өтініш беру керек. Өкіл арқылы алу: сенімхат негізінде алуға болады. Мұндай сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді», - деп жазылған ақпаратта.

Маңызды шектеулер мен ережелер:

Бір қала шегінде: бір елді мекеннің ішінде басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейді. Құжат жоғалған жағдайда: куәлік қайта қалпына келтірілмейді, телнұсқа берілмейді. Қалай дауыс береді: дауыс беру күні таңдалған учаскеге есептен шығару куәлігін және жеке куәліктің түпнұсқасын (немесе электрондық нұсқасын) көрсету қажет. Азамат сол жерде тізімге енгізіледі. Жарамдылық мерзімі: құжат бір рет қана пайдаланылады және дауыс бергеннен кейін комиссия тарапынан алынады.

Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру басталардан бір күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады.

Бұған дейін Астанада сайлау учаскесін қалай анықтауға болатынын жаздық.