«Таза Қазақстан»: елордадағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументі аумағында экоакция өтті
Бүгін Біріккен музейлер дирекциясының ұжымы «Қазақ еліне мың алғыс» монументі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарының басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстауға, тарихи-мәдени мұраларды қорғауға және сол арқылы көпшілікке үлгі болуға бағытталды.
«Ұжымымыз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына тұрақты түрде атсалысып келеді. Өйткені мұндай игі бастамалар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған өлкені құрметтеуге өз үлесін қосады. Бүгін көктемнің алғашқы күндерінде «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдындағы мұзды ойып, ескерткіш аумағын қардан тазарттық. Сөйтіп, рухани орындарды тамашалап, аллеяда тынығамын деушілерге жайлы жағдай жасап, қоғам игілігіне өз үлесімізді қостық деп есептейміз. Экоакция аясындағы іс-шараларымыз одан әрі де жалғасын таба бермек», - деді Біріккен музейлер дирекциясының өкілі Айгүл Мырзақұлова.

Айта кетейік, «Қазақ еліне мың алғыс» монументі елордамыздың 20 жылдығына орай «Астанаға өңірлерден тарту» жобасы аясында Қарағанды облысының сыйы ретінде бой көтерген. Композиция төрт мүсіннен тұрады. Орталық бөлігінде қазақ әйелінің үш баланы құшағына алған бейнесі бейнеленген. Балалардың бірі - кавказ, екіншісі - корей, ал үшіншісі - славян ұлтының өкілі. Бұл бейне Қазақстанға қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқының бауырына басып, мейірім мен қамқорлық танытқанын білдіреді.