Астанада АИТВ-ны анықтауда индекстік тестілеу белсенді қолданылып жатыр

Астанада АИТВ-ны анықтауда индекстік тестілеу белсенді қолданылып жатыр
Фото: freepik.com

UNAIDS деректеріне сәйкес, алдағы 1-3 жыл ішінде қолайсыз сценарий жағдайында әлемде АИТВ жұқтырудың 6 миллионға дейін жаңа жағдайы тіркелуі мүмкін. Әлі күнге дейін шамамен 9 миллион адам емдеуге қол жеткізе алмай отыр. Сарапшылар халықаралық қаржыландырудың қысқаруы аясында тұрақты ұлттық денсаулық сақтау жүйелері мен жергілікті бағдарламалардың маңызы артып келе жатқанын атап өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Осы жағдайда қалалар деңгейіндегі жұмыстың рөлі ерекше. Қазақстанда АИТВ профилактикасы денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып қала береді, ал Астана қаласында бұл жұмыс жүйелі түрде және нақты нәтижелермен жүзеге асырылуда.

Елімізде ДДҰ ұсынған барлық профилактикалық бағдарламалар енгізілген. Атап айтқанда, келесі бағыттар жүзеге асырылуда:

- АИТВ, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және вирустық гепатиттер бойынша тестілеу және кеңес беру, міндетті түрде тестке дейінгі және тесттен кейінгі кеңес беруді еріктілік, құпиялылық және ақпараттандырылған келісім қағидаттары негізінде жүргізу;

- медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында және стационарларда рутиндік тестілеуді кеңейту, сондай-ақ клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бар пациенттерге тестілеуді ұсыну;

- экспресс-тестілеудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оң нәтижелерді растау үшін ұлттық диагностикалық алгоритмдерге сәйкес зертханалық тексеру жүргізу;

- медициналық-әлеуметтік қызметтер алу үшін бағыттау;

- бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, акциялар, семинарлар, тренингтер мен дәрістер ұйымдастыру арқылы ақпараттық-білім беру жұмыстарын жүргізу;

- үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қатысуымен бағдарламаларды іске асыру;

- «тең – теңіне» қағидаты бойынша аутрич-жұмыстар жүргізу;

- инъекциялық есірткі тұтынатын адамдар үшін шприцтер мен инелерді айырбастау бағдарламаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- негізгі топтар үшін презервативтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- байланысқа дейінгі және байланыстан кейінгі профилактика;

- антиретровирустық терапия;

- АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу.

2025 жылдың қорытындысы бойынша елордада сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 23,3-ке дейін төмендеді (2024 жылы – 29,5). Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және оң динамиканы көрсетеді.

2025 жылы қала халқының 27,3%-ы тестілеумен қамтылды, бұл 448 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл көрсеткіш эпидемиологиялық жағдайды объективті бағалау үшін жеткілікті саналатын халықаралық ұсынылған деңгейден (10%) жоғары.

Байланыста болған адамдарды индекстік тестілеу белсенді қолданылуда, бұл жасырын инфекция жағдайларын анықтауға және кеш анықталу үлесін азайтуға мүмкіндік береді. МСАК ұйымдары мен стационарларда рутиндік тестілеуді кеңейту ауруды ерте диагностикалауға және емдеуді уақытылы бастауға ықпал етеді.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдар заманауи антиретровирустық терапиямен тегін қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда емдеумен қамту деңгейі 88%-дан 92%-ға дейін өсті. Терапияның тиімділігі тұрақты түрде 90%-дан асады, бұл пациенттердің басым бөлігінде вирустық жүктеменің басылуын және инфекцияның әрі қарай берілу қаупінің едәуір төмендеуін білдіреді.

Қауіп деңгейі жоғары топтарға ерекше назар аударылады. 2025 жылы негізгі топтардың 6 500-ден астам өкілі профилактикалық қызметтермен қамтылды, олардың 95%-ы АИТВ-ға тестілеуден өтті. Негізгі топтарға көрсетілетін алдын алу шаралардың 60%-дан астамы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық бағдарламалар аясында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылуда.

Байланысқа дейінгі профилактика бағдарламасы кеңейтілуде: 2025 жылы оған 1 522 адам қатысты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш еседен астам көп. Байланысқа дейінгі профилактика жаңа инфекция жағдайларының алдын алудың ең тиімді құралдарының бірі болып табылады.

АИТВ инфекциясының алдын алудың басым бағыттарының бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау. Репродуктивті жастағы әйелдер арасында АИТВ-ны уақытылы анықтау, жүктілік кезінде кешенді медициналық бақылау және заманауи антиретровирустық терапияны қолдану вирустың анадан балаға берілуін іс жүзінде толық болдырмауға мүмкіндік береді. Жүкті әйелдердің 98,8%-ы және олардың серіктестерінің 95,3%-ы тестілеумен қамтылған. АИТВ-мен өмір сүретін әйелдер клиникалық хаттамаларға сәйкес антиретровирустық терапия және медициналық сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі. Профилактиканың тиімділігі тек медицина қызметкерлерінің кәсіби жұмысына ғана емес, сонымен қатар әйелдің және оның жыныстық серіктесінің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына да байланысты. Жүктілікті жоспарлау кезеңінде тестілеуден өту, есепке ерте тіркелу, дәрігер ұсынымдарын сақтау, тағайындалған терапияны тұрақты қабылдау және серіктесті тексеруден өткізу – дені сау баланың дүниеге келуінің маңызды шарттары. Медицина қызметкерлері мен отбасының өзара белсенді іс-қимылы кезінде ғана профилактиканың барынша жоғары нәтижесіне қол жеткізуге болады.

Сырқаттанушылықтың төмендеуі, тестілеумен жоғары қамту деңгейі, емдеудің қолжетімділігінің артуы және профилактикалық бағдарламалардың кеңеюі қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін дәлелдейді. Денсаулық сақтау ұйымдарының жүйелі жұмысы және ҮЕҰ-мен серіктестік эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және АИТВ инфекциясы бойынша сырқаттанушылық деңгейінің одан әрі тұрақты төмендеу үрдісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Салтанат Мусина,

Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу

орталығы» МКҚК директорының ұйымдастыру-әдістемелік және

 эпидемияға қарсы мәселелер жөніндегі орынбасары