Мемлекет басшысы энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі отын-энергетика кешенінің жағдайы, негізгі жобаларды жүзеге асыру барысы және секторды одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ерлан Ақкенженов мұнай саласында орнықты динамика сақталып тұрғанын айтып, мұнай өңдеуді ұлғайту жоспарын баяндады.
Сол арқылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына – 6-дан 12 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатын арттырмақ.
Сондай-ақ, 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жайында мәлімет берді.
Биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталатынын айтты. Ал Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары базасында электр станциясы бой көтеретінін баяндады.
Энергетика министрі «Көмір өндіруді дамыту» ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынды.
Президент отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, соның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергиясы салаларында жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ, өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізу маңызды екеніне тоқталды.