Астанадан бір түнде 45 мың текше метрден астам қар шығарылды

Бүгін, 11:57
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадан бір түнде 45 мың текше метрден астам қар шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың коммуналдық қызметі алғаш қар жауған күннен бастап тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қала аумағында қар күреу жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өткен түнде елордадан қар полигондарына 2 771 ауыр жүк көлігінің рейсі арқылы 45 633 текше метр қар шығарылды.

4 наурыз күні таңертең қаланы қар мен көктайғақтан тазартуға шамамен 1 650 арнайы техника мен 2 998 жол жұмысшысы тартылды.

Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.

Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 434 602 рейспен 6 млн 514 мың 447 текше метр қар шығарылды.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.