Конькимен жүгіруші Кристина Шумекова: Әлем чемпионатында өз көрсеткішімді жақсартуды ойладым

Конькимен жүгіруші Кристина Шумекова: Әлем чемпионатында өз көрсеткішімді жақсартуды ойладым
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсетіп, бес бірдей алтын медаль еншілеген қазақстандық спортшы Германияның Инцеллінде ел намысын абыроймен қорғады. Осы орайда Кристина Шумекова Elordainfo.kz тілшісіне дайындық барысы, басты қарсыластары және болашақ мақсаттары туралы айтып берді.

- Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсетуіңізбен құттықтаймын. Сіз үшін жарыс қалай өтті?

- Жарыс алдындағы дайындығымыз жақсы болды. Соның жемісін жедік деп айта аламын. Доданың бірінші күнінде 500 және 1 500 метрде топ жарсам, екінші күні 1 000 метрде алтын жүлде және 3 000 метрде күміс медальді мойыныма тақтым.

- Осындай айтулы сәтте сізді кім бірінші құттықтады?

- Бәсекеде көңілім бөлінбеу үшін, мүлдем телефон қолданбауға тырысамын. Тіпті әлеуметтік желімді өшірдім. Ал жарыс біткен соң, бапкерлерім мен жақындарым құттықтады. Ал ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауы мен үшін үлкен мәртебе болды. Мүлдем күтпедім.

- Әлем чемпионатына толық бабыңызда бару үшін қай жерде жаттықтыңыз?

- Қазір Алматыдағы Медеу мұзайдыны жабық. Сондықтан «Алау» мұз сарайында дайындалдық.

- Жаһандық додада кімдерден қауіп күттіңіз?

- Әр қашықтықтың өз мықтылары бар. Бірақ көпсайыста Аустрия спортшысы Джаннин Роснерден қаперден шығармадым. Себебі, ол Милан Олимпиадасында 1 000, 1 500, 3 000 метр және масс-стартта сынға түскен. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да Джаннин 3 000 метрде топ жарып, 1 500 және 1 000 метрде қола жүлдегер атанды. Былтыр бұл спортшының жасөспірімдер арасында 4 дүркін әлем чемпионы болғанын да айта кетейін.

- 5 дүркін әлем чемпионы атандыңыз ғой. Үлкен доданың алдында қай қашықтықтардан үміт күтіп едіңіз?

- Мен медальді емес, өзімнің көрсеткіштерімді қалай жақсартуға болатынын ойладым. Істеген іс-әрекеттерім соның жемісі.

- Германияның Инцеллінде қазақ спортының тарихын жаңғырттыңыз. Ол жерді енді жаныңызға жақын қабылдайтын шығарсыз?

- 2023 жылы қазіргі бапкерім Александр Александровичтің қол астында дәл осы Инцелльде алғашқы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып едім. Араға 3 жыл салып, міне топ жарып жатырмын. Сондықтан ерекше болатындығы даусыз.

- Сіз барлық қашықтықта жүгіре береді екенсіз. Оның арасында қай қашықтықтарда өзіңізді мықтымын деп санайсыз?

- 1 500 және 3 000 метр қашықтықта сынға түскен ұнайды. Ал былай өзімді көпсайысшымын деп айта аламын.

- Сізден бөлек, өзіңіздің егізіңіз Алина Шумекова мен әпкеңіз Инесса Шумекова да әлем чемпионатына қатысты. Бір жанұямен жарыстарға барған жақсы шығар?

- Менің әпкем Инесса конькимен жүгіру секциясына бірінші болып барып еді. Соның артынан мен және Алина да қосылдық. Еш өкінбейміз. Мен ғана емес, олар да әлем кубогы мен әлем чемпионаттарында жүлделі орындар алды. Сол үшін де қуаныштымын. 

- Енді сіз ересектер сапында өнер көрсетесіз ғой. Қандай мақсаттарыңыз бар?

- Кез келген спортшының арманы - Олимпиада ойындарына қатысу. Соған ақырындап қадам басып келемін. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының шамамен 60%-ы ересектер сапына ауысады. Сондықтан қазіргі қарсыластарыммен болашақта бір сайыста бақ сынау ықтималдылығы жоғары.

- Әлем чемпионатынан олжалы оралдыңыз. Енді өзіңізге демалыс бересіз бе?

- Бізде шетелдік жарыстар аяқталды. Енді 21 наурыз күні Астанада ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындаламын.

- Сұхбатыңызға рахмет!