Прокуратура: 20 жыл бұрынғы кісі өліміне қатысты іс қайта қаралып, күдікті сотталды

Прокуратура: 20 жыл бұрынғы кісі өліміне қатысты іс қайта қаралып, күдікті сотталды
Фото: freepik.com

Алматы облысында жиырма жыл бұрынғы кісі өліміне қатысты іс қайта тергеліп, жауапкершіліктен құтылып кеткен үшінші сыбайлас сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Прокуратураның дерегінше, қылмыс 2006 жылы қыркүйекте болған. Алматы қаласында үш адам такси деп Қырғызстан азаматшасын көлікке отырғызған. Олар жолда әйелді буындырып өлтіріп, оның жеке заттарын иемденген, ал мәйіті «Алматы – Қапшағай» тасжолына тастап кеткен.

2007 жылы полиция екі күдіктіні ұстап, олар сотталған, алайда үшіншісіне қатысты іс жүргізу аяқталмай қалған. Қылмыстық іс мұрағатқа өтізіліп, ашылмаған кісі өлімі тізіміне енгізілмей сақталып келген.

Облыс прокуратурасының қызметкерлері Аида Иманалиева мен Әлия Сарсекеева жабылған істерге мониторинг жүргізу барысында аталмыш істің негізсіз тоқтатылғанын, қылмыскерді іздестіруде тиісті бақылаудың болмағанын анықтады. Екі прокурордың кәсібилігінің арқасында әділдік қалпына келтірілді.

«Прокуратура қызметкерлері деректер қорын жан-жақты салыстыру және қосымша мәлімет сұрату арқылы күдікті К.-ні Қарасай ауданынан тапты. Олар тергеу органдарына нақты нұсқау беріп, тергеу барысын ерекше бақылауға алды», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде 2025 жылғы шілдеде күдікті ұсталды. Дәлелдер жинақталып, іс сотқа жолданады. Таяуда 24 ақпан күні сот қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін шығарып, кінәлі 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.