Қазақстанның жаңа Конституция жобасы цифрлық дәуірде балаларды қорғауды күшейтеді - ЮНИСЕФ

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы цифрлық дәуірде балаларды қорғауды күшейтеді - ЮНИСЕФ
Фото: ЮНИСЕФ

ЮНИСЕФ Қазақстанның жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қорына сілтеме жасап.

Халықаралық ұйым цифрлық орта балаларға білім алу мен даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтіп, сонымен қатар жеке деректерді заңсыз пайдаланудан бастап, онлайн зорлық-зомбылықтың әртүрлі түрлеріне дейінгі қауіптерді күшейтететіне алаңдаушылық білдірді. Яғни жасанды интеллект пен генеративті технологиялардың дамуы қосымша қиындықтар туғызады, сондықтан балалардың жеке деректерін қорғаудың ерекше маңызы бар.

«ЮНИСЕФ мемлекеттік органдармен ынтымақтаса отырып және сараптамалық өзара іс-қимыл шеңберінде Конституция жобасына, әсіресе балалар мен балалық шаққа қатысты мәселелрге өз талдауы мен түсініктемелерін ұсынды.
Конституция – елдің Негізгі заңы және балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау үшін құқықтық негіз қалайды. Бұл Қазақстанда кім болғанына және қай жерде тұратынына қарамастан, әрбір бала үшін маңызды.
Жаңа Конституция жобасында цифрлық дәуірді ескере отырып, жеке деректерді қорғау күшейтілген және нақтыланған, бұл балаларды онлайн қорғау үшін ерекше маңызды», - делінген хабарламада.

Халықаралық ұйымның мәлімдеуінше, онлайн кеңістік әрбір бала үшін қауіпсіз болуы керек. Бала құқықтары интернет басталған жерде аяқталмайды.
ЮНИСЕФ әрбір баланың мүддесі үшін құқықтық ортаны нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдауды жалғастыратынын атап өтті.

Еске сала кетсек, қазақстандық балалардың алиментке құқықтары Минск конвенциясына қатысушы елдерде қорғалады.