Назгүл Мақжан: Әр дауыс – біздің болашағымыз

Назгүл Мақжан: Әр дауыс – біздің болашағымыз
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері бүгін «Астана әлеуметтік технологиялар» қоғамдық бірлестігі мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қоғамдық бірлестік 1-2 топ мүгедектігі бар, соның ішінде тірек-қимыл аппараты мен психоневрологиялық бұзылыстары бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады.

Бүгінгі таңда ұйымдағы отыз қызметкер 310 адамға қызмет көрсетеді.

«Қазір Қазақстан тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр. Өздеріңізге мәлім, әлемде күрделі жағдай болып жатыр. Сондықтан жаңа Конституция жобасы Мемлекет басшысының жүйелі реформасының бірі деп біліңіздер. Бұл – халық пен өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан маңызды құжат. Адамның құқығы жаңа Конституцияда қарапайым тілмен жазылған. Онда азаматтардың тегін медициналық қызметтерді алуға, орта білім алуға құқылы екендігі көрсетілген. Алда өтетін референдум халықтық деп аталып отыр. Жобада қоғамға көп көңіл бөлінген. Жаңадан құрылатын «Халық кеңесі» ол билік пен халық арасындағы алтын көпір болмақ. Олардың құрамында белсенді азаматтар, түрлі этнос өкілдері, өңірлердің мәслихат депутаттары болады. Олар халықтың мұң-мұқтажын жеткізумен айналысады. 15 наурызда референдум өтеді. Баршаңыз бір адамдай келіп, референдумға қатысып, еліміздің ертеңі, балаларыңыздың болашағы үшін дауыс берулеріңізді сұраймын», - деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.

Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Назгүл Мақжанова, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдрасулов бар.

«Бір Отан, бір Қазақстан бізді біріктіреді. Менің белсенді болуыма себепкер болған – менің ерекше балам. Ертеңгі күні біздің балаларымыз қандай елде тұратыны біз бен сіздің бүгін қандай қадам жасауымызға байланысты. Сондықтан 15 наурыз күні сіздерді  отбасыңызбен, жақындарымызбен референдумға атсалысуға шақырамын. Өйткені ертеңгі күніміз сіз бен бізге байланысты. Әр дауыс – біздің болашағымыз, соны ұмытпайық. Қазақстанымыз гүлденсін! Әділетті Қазақстанда өмір сүруге қадам жасайық!», - деді Назгүл Мақжан.