Астанада кәсіпкерлерге құқықтық мәселелер түсіндірілді
Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалы ТОО «АРОМАТ» ұжымымен кең ауқымды кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға өндірістік кәсіпорын қызметкерлері, кәсіпкерлік саласының өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, барлығы 100-ге жуық адам қамтылды.

ТОО «АРОМАТ» – тамақ өнімдерін өндіру және нарыққа жеткізу саласында жұмыс істейтін кәсіпорын. Компания сапалы және қауіпсіз өнім өндіруге, өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға және отандық нарықты қолдауға бағытталған қызметімен ерекшеленеді.
Кездесуге Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұржан Садырбаев, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңесшісі Йылмаз Сафарауль, қоғам қайраткері Фарида Даримова және «Халық партиясының» өкілі Гүлдарина Нұрмағанбет қатысты.

Кездесу барысында конституциялық реформалардың негізгі басымдықтары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, адам құқықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыру және экономикалық еркіндікті кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту және өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттілігі айтылды.
«Кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың тұрақты өсуінің негізгі факторы. Шағын және орта бизнестің еркін жұмыс істеуіне құқықтық негіздер қалыптасуы қажет. Әділетті бәсекелестік, ашық нарық және кәсіпкерлердің құқығын қорғау – экономикалық саясаттың басты қағидаттары болуы тиіс», - деді депутат Нұржан Садырбаев.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өндірістік секторды дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да жалғасып, конституциялық реформалардың қоғам мен бизнес үшін маңызын насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.