Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жобасын жеделдетуді тапсырды

Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жобасын жеделдетуді тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Энергетикалық және коммуналдық  секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша Жобалық кеңсенің отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қатысушылар жобаларды қаржыландыру, есепке алу құралдарын орнату және цифрлық шешімдерді енгізу, оның ішінде су жабдықтау саласындағы пилоттық жобалар туралы баяндады.

Бүгінгі таңда ұлттық жоба аясында 974 млрд теңгенің жобалары расталған. 34 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, 130 жобада EPC мердігерлер айқындалып жатыр. Тағы 145 жоба түрлі іріктеу кезеңінде.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруға әкімдіктерді тарту рейтингі қалыптастырылды. Оған дайындығы бойынша Алматы қаласы, Қарағанды және Алматы облыстары көш бастап тұр. Артта қалған өңірлер қатарында Маңғыстау облысы мен Ұлытау облысы бар.

ЭКСЖ шеңберінде кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда: 16 жоба толық жүзеге асыруға дайын, тағы 6 жоба пысықтау және әкімдіктер тарапынан түпкілікті шешім қабылдау сатысында.

«Бәйтерек» холдингі мыңнан астам өтінімді қарады. Екінші кезеңде жалпы сомасы 300 млрд теңгеден асатын 144 жоба келісілді. Оның ішінде 89-ы – Қазақстанның Даму Банкі мен екінші деңгейлі банктер арқылы тікелей кредиттеу тетігі бойынша, 55-і – Қазақстандық тұрғын үй компаниясы арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу тетігі бойынша мақұлданды.

Су жабдықтау саласында заманауи есепке алу жүйелерін енгізу үшін есепке алу құралдарына қойылатын стандарттар әзірленді. Құжаттарды Әділет министрлігінде тіркеуден өткізеді.

ЭКСЖ электрондық сатып алу платформасының жұмысы бойынша байланыс орталығы (8 7172 99-94-36) ашылды. Іске қосылған сәттен бастап 800-ден астам өтініш тіркелді. Қазіргі уақытта ЭКСЖ-ның электрондық платформасын Bitrix жүйесімен интеграциялау аяқталуға жақын.

Отырыс барысында Қанат Бозымбаев желілердің ұзындығы, қаржыландыру көлемі және өңірлер бөлінісі бойынша нақты параметрлер көрсетілген ЭКСЖ-ны жүзеге асырудың бекітілген Жоспар-кестесіне қарамастан, жекелеген көрсеткіштер бойынша артта қалу фактілері бар екенін атап өтті. Әрбір көрсеткіш бойынша жауапты мемлекеттік органдар бекітілген. Вице-премьер нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуды талап етті. Мерзімдер созылып кетсе лауазымды тұлғалар жеке жауап береді.

Атап айтқанда, Ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне ТКШ Қазорталығымен және әкімдіктермен бірлесіп, 10 наурызға дейін ЭКСЖ-ның электрондық платформасында барлық конкурстарды жариялауды және EPC-мердігерлерді толық тіркеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Қаржыландыру мәселелері бойынша әкімдіктерге қысқа мерзімде мәслихаттармен бірлескен отырыстар өткізіп, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін жеделдету тапсырылды.

Қаржы министрлігіне «ҚТК» АҚ-мен бірлесіп, өтінімдер түскен сайын жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету жүктелді. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға айдың соңына дейін Дүниежүзілік банкті тарта отырып, кәріздік-тазарту құрылыстары жобаларын қаржыландыруды келісу жұмыстарын жеделдету тапсырылды.

Жобалық кеңсеге электрондық платформаның жұмысына қатысты барлық өтініште жедел әрекет ету және ЭКСЖ қатысушыларына сатып алудың барлық кезеңдерінде техникалық әрі консультациялық қолдау көрсету тапсырылды.