00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық биолог АЭС-тің экожүйені сақтаудағы тиімділігін атап өтті

28 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық биолог АЭС-тің экожүйені сақтаудағы тиімділігін атап өтті
Фото: жасанды интеллект

Бүгін Астанадағы №91 мектеп-гимназияда АЭС салу мәселесіне орай ұжым қызметкерлерінің қатысуымен семинар өтті. Онда осы білім ордасының биология пәнінің мұғалімі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Әйгерім Бауыржанқызы АЭС салу арқылы еліміздің экожүйесін сақтау, парниктік газ шығарындыларын азайту, су ресурстарына түсетін жүктемені төмендету жағына тоқталды. Ол биолог ретінде Қазақстанда атом электр станциясының артықшылықтарын экологияға, биоәртүрлілікке және тұрақты дамуға әсері тұрғысынан қарастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Талай ірі конференцияларда түрлі тақырыптарда ғылыми баяндамалар жасап жүрген маман АЭС жайлы да оқып-тоқығанын ұғынықты тілмен түсіндіріп берді. Атом энергетикасының артықшылықтары мен кемшіліктерін арнайы слайдтар арқылы жүйелеп жазып, оны өз әріптестеріне көрсетті.

- Қазақстанда АЭС салу, дұрыс жоспарлау және экологиялық стандарттарды сақтау арқылы дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда қоршаған ортаға теріс әсерді және биологиялық әртүрлілікті айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Бұл экожүйелер мен халықтың денсаулығын сақтаудың ұзақ мерзімді мүдделерін ескеретін таза және тұрақты энергетикалық жүйені құруға бағытталған қадам, - деді ол сөз соңында.

Ал оны тыңдаған әріптестері АЭС-ті кім салатыны, қандай қаржыға салынатыны, апаттық жағдайдағы қауіпсіздігі қалай сақталатыны алаңдататынын жеткізді.

-Біздің қоғам үшін бұл жаңа нәрсе. Заман талабы және қажеттілігі. Себебі біздің табиғи ресурстарымыз мәңгілік емес, олар да бір күні бітеді. Қоғамда сан түрлі пікірталас өрбуде. Дегенмен біз қазір өте маңызды шешім қабылдайтынымызды түсінуіміз керек, - дейді мектептің мұғалімі Сәуле Ахметова.

Ұстаздар қауымы АЭС салу бойынша референдум қоғамның қазіргі өкілдері үшін үлкен жауапкершілік жүктеп тұрғанын, себебі бұл шешім арқылы болашақтың тағдыры шешілетінін айтты.

 -Бүгін семинарда АЭС-тің экономикалық, экологиялық артықшылықтарын білдік. Өзгеден шикізат сатып алмай-ақ өз жерімізден шығатын  уран өнімі арқылы электр энергиясын өндіру  өте тиімді деп ойлаймын. Мұндай артықшылық көп елдерде бола бермейді, - дейді мектеп мұғалімі Ержан Болатұлы.

Райхан Рахметова