Елордада Орталық Азиядағы алғашқы дронмен жеткізу жобасы іске қосылады
The Games of the Future 2026 Astana powered by Samruk-Kazyna («Болашақ ойындары-2026») халықаралық турнирінің қонақтары болашақ технологияларын көріп қана қоймай, оларды іс жүзінде пайдалана алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
31 шілде мен 9 тамыз аралығында турнир алаңдарында Орталық Азияда алғаш рет ұшқышсыз авиациялық жүйелер (ҰАЖ немесе дрондар) арқылы автономды жеткізу мүмкіндіктерін көрсететін толықфункционалды M-Port (ақылды постаматтар) жұмыс істейді. Келушілер тапсырыс беріп, оны ұшқышсыз ұшу аппараты жеткізетін қабылдау пунктінен ала алады. Жобаны турнир ұйымдастырушыларының қолдауымен қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы жүзеге асырады. Жеткізу әлемдегі автономды әуе жеткізу саласы көшбасшыларының бірі саналатын стратегиялық серіктес Keeta Drone компаниясының технологиялары негізінде жүзеге асырылады.
Тапсырыстар келесі орындардың маңында орналасқан арнайы постамат-киоскілерге жеткізіледі:
1. «Алау» мұз айдынының Қабанбай батыр даңғылы жағындағы аумағы;
2. «Алау» мұз сарайының Бұқар жырау көшесі жағындағы аумағы;
3. «Барыс Арена» орталық кіреберісі;
4. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы;
5. Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің орталық кіреберісі.
Турнир қонақтары ыстық және салқын сусындарға, жеңіл-желпі тамақтарға (снэктерге) және мерч өнімдеріне тапсырыс бере алады. Сонымен қатар кәдесый өнімдерінің ұтыс ойындарына қатысып, тапсырысын постаматтан алып кете алады.
«Біз турнир қонақтарының болашақтың атмосферасын сезініп, ең озық технологияларды өздері пайдаланып көргенін қалаймыз. Тапсырыс беру өте оңай: киосктегі QR-кодты сканерлеп, қажетті тауарды таңдап, банк картасы немесе Kaspi қосымшасы арқылы төлем жасау жеткілікті. Осыдан кейін дрон тапсырысты ең жақын нүктеге сегіз минутқа жетер-жетпес уақытта жеткізеді. Әрбір киоск жанында тапсырысты рәсімдеуге көмектесетін және барлық сұрақтарға жауап беретін еріктілер жұмыс істейді», – деп атап өтті Alatau Advance Air Group компаниясының өкілдері.
«Соңғы бірнеше жылда дрондар арқылы жеткізу миллиондаған адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде Keeta Drone компаниясы 1 миллионнан астам тапсырысты жеткізді. Оның сервистері Қытайдың материктік бөлігінде, Гонконгта және Таяу Шығыс елдерінде жұмыс істеп, қалалық логистиканы жылдам, тиімді әрі экологиялық тұрғыдан орнықты етіп келеді. Біз бұл тәжірибені «Болашақ ойындарының» қатысушылары мен қонақтарына таныстырып, Орталық Азияда дрондардың автономды жеткізу мүмкіндіктерін алғаш рет көрсету мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз», – деді Keeta Drone компаниясының бас директоры Джунвэй Ян.
Бұл пилоттық жоба «Болашақ ойындары 2026» қонақтарына дрон арқылы жеткізу технологиясын іс жүзінде бақылауға мүмкіндік береді. Келушілер үшін бұл – сегіз минутқа жетер-жетпес уақытта дрон жеткізген тапсырысты алғаш рет қабылдау тәжірибесі болмақ. Демонстрациялық жоба автономды жеткізу технологияларының заманауи қалалық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.
The Games of the Future 2026 Astana powered by Samruk-Kazyna («Болашақ ойындары») – дәстүрлі спорт түрлері мен заманауи цифрлық технологияларды біріктіретін халықаралық мультиспорттық турнир. Жарыстар 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар, әзірлеушілер және технологиялық компаниялар қатысады.
Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) – қалалық әуе мобильділігі мен төмен биіктіктер экономикасының экожүйесін дамытып жатқан қазақстандық технологиялық компания. Компания ұшқышсыз авиация, аэротакси, дрон арқылы жеткізу және жаңа авиациялық технологияларға арналған инфрақұрылым бағытындағы жобаларды жүзеге асырады.
Keeta Drone – әлемдегі ең ірі онлайн жеткізу сервистерінің бірі Meituan компаниясының бөлімшесі. Ол ұшқышсыз қалалық логистика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Keeta Drone дрондары арқылы коммерциялық жеткізу қызметі Қытайда 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінде компанияның желісі ондаған тұрақты бағытқа қызмет көрсетіп, нақты қалалық жағдайда күн сайын мыңдаған тапсырысты жеткізеді.