Референдум-2026

Маңғыстауда төрт ауыл «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін алды

Бүгін, 19:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Маңғыстауда төрт ауыл «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін алды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы төрт ауыл «Алкогольсіз ауыл» қатарына қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

«Айқын нәтиже» жобасы аясында Бейнеу аудандық прокуратурасының бастамасымен Есет, Төлеп, Тұрыш және Тәжен ауылдары аталған бастаманы қолдады.

«Бұл елді мекендерде 2,6 мыңнан астам тұрғын тұрады. Ауыл халқы қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобаға қатысып, алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан ерікті түрде бас тартты», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, бастаманың негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу. Сонымен қатар жоба тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Мұндай бастамалар азаматтардың өз аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттырып, елді мекендерде қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Еске салсақ, Астанада заңсыз алкоголь саудасына қарсы бақылау күшейтілді.