Жоғары аудиторлық палатада мемлекеттік аудит органдарының жұмысы қорытындыланды
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Астанада Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің 14-отырысын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Жоғары аудиторлық палатаның, Қаржы министрлігінің, өңірлік тексеру комиссияларының, ішкі аудит қызметінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері қатысты.
Отырыста барлық мемлекеттік аудит органдарының 2025 жылғы қызметінің нәтижелері қаралды. Атап айтқанда, негізгі мәселелер мен кемшіліктер талқыланды.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Рахымжан Ділдәевтің мәліметінше, 20 тексеру комиссиясының ішінен 16 комиссияның қызметі тиімді деп бағаланған. Бұл бағытта жалпы оң динамика байқалады: 2023-2025 жылдары жоғары баға алған тексеру комиссияларының саны 11-ден 16-ға, яғни 55%-дан 80%-ға дейін өскен.
Аудит объектілерінің бекітілген тізбеден ауытқу үлесі 2023 жылғы 8,2%-дан 2025 жылы 4,8%-ға дейін біртіндеп төмендеген. Бұл аудиторлық іс-шараларды жоспарлау сапасының артқанын көрсетеді.
Сонымен қатар отырыста өткен жылдың бағалау қорытындысы бойынша рейтингте соңғы орындарды иеленген Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарының тексеру комиссиялары басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Әлихан Смайылов артта қалған тексеру комиссияларын бақылау күшейтілетінін атап өтті. Осы мақсатта 19 маусымда Рәсімдік стандартқа тиісті өзгерістер енгізілді.
«Егер тексеру комиссиясы Жоғары аудиторлық палата жүргізетін бағалау рейтингінде қатарынан үш жыл бойы соңғы үштікке енсе, тиісті мәслихатқа шаралар қабылдау туралы ұсыным енгізіледі», - деді төраға.
Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит органдарының, оның ішінде Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және ішкі аудит қызметі басшыларына анықталған кемшіліктерді жоюмен қатар барлық негізгі көрсеткіш бойынша нәтижелерді жақсартуға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау тапсырылды.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы 2025–2026 жылдары мемлекеттік аудит стандарттары мен кәсіби әдеп талаптарын бірнеше рет бұзған мемлекеттік аудиторларға қатысты талдау жүргізуді де тапсырды. Тиісті ақпарат Жоғары аудиторлық палатаға ұсынылуы тиіс.
Өткен жылы ең төмен нәтиже көрсеткен үш тексеру комиссиясы көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, атқарылған жұмыс туралы есеп беруі тиіс. Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысына Үйлестіру кеңесі шешімдерінің тиісінше орындалмауына жол берген қызметкерлерді жауапқа тарту тапсырылды.
Сонымен қатар Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мемлекеттік аудит стандарттарын сақтамаған ведомстволық ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудиторларының сертификаттарын кері қайтарып алу мәселесін қарауы тиіс.
Отырыс барысында қатысушылар Португалия, Түркия және Литва жоғары аудит органдары Жоғары аудиторлық палатада жүргізген «дәрежесі бойынша тең тексеру» нәтижелерін де талқылады.
Әлихан Смайылов тең тексеру қорытындысы бойынша берілген ұсынымдарды республиканың өзге де мемлекеттік аудит органдарының жұмысына енгізу мәселесін
жан-жақты пысықтауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – бюджет қаражатын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және олардың алдын алу бойынша ішкі бақылау жүйелерін күшейту.
Осы бағытта Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне мемлекеттік аудит органдарын Қаржыминінің бірыңғай аналитикалық мониторинг жүйесіне қосу жұмысын жалғастыру, сондай-ақ онлайн бюджеттік мониторингтің тәуекел индикаторларын бағалап, олардың өзектілігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов биыл Жоғары аудиторлық палатаның құрылғанына 30 жыл, ал тексеру комиссияларының құрылғанына 15 жыл болғанын атап өтті. Осы атаулы күндер аясында қыркүйекте Астанада өтетін АЗОСАИ Басқару кеңесінің 63-отырысы бағдарламасын толықтыратын халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан қазынасына 730 млрд теңге салық түспей қалғаны туралы жаздық.