Қарағанды облысында екі теміржол вокзалы жаңғыртылды
Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында Дария және Мырза станцияларының вокзалдарын қайта жаңарту аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыстар Үкімет, Көлік министрлігі, Қарағанды облысы әкімдігі және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында орындалды.
Дария станциясының теміржол вокзалы 1940 жылы салынған. Оның ауданы 757,4 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында екі қабатты ғимаратты кешенді жаңарту жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылды және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық жолдар ұйымдастырылды. Станция арқылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Балқаш, Павлодар, Түркістан, Шымкент, Шу, Тараз, Маңғыстау және Бейнеу қалаларымен қатынайтын 10 жолаушылар пойызы қатынайды.

Мырза станциясының теміржол вокзалы 1987 жылы салынған. Оның ауданы 479,3 ш.м. құрайды. Жаңғырту барысында инженерлік коммуникациялар, ғимараттың ішкі үй-жайлары мен қасбеті жаңартылып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар үшін жайлылықты арттыру бойынша іс-шаралар орындалды. Станция арқылы өңірді Қарағанды, Қостанай, Астана және Көкшетаумен байланыстыратын 6 жолаушылар пойызы өтеді.

«Екі вокзалды жаңарту кезінде отандық өндіріс материалдары пайдаланылды. Жаңартылған нысандар қауіпсіздіктің, қол жетімділіктің және жайлылықтың заманауи талаптарына сәйкес келеді, бұл жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасайды. Жобаны іске асыру Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға және Қазақстанның теміржол вокзалдарының бірыңғай заманауи келбетін қалыптастыруға ықпал етеді. Жоба «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз қаражаты есебінен іске асырылды, - деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақмола облысында қайта жаңартудан кейін екі теміржол вокзалы ашылған болатын.