Тарихи нәтиже: қазақстандық шпагашылар әлем чемпионатының финалында
Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден тарихта алғаш рет әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Гонконгта өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында қазақстандық шпагашылар Мысыр құрамасын 41:32 есебімен жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының кемінде күміс жүлдесін қамтамасыз етіп, өз тарихында ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы ең жоғары жетістігі 2025 жылы жеңіп алған қола медаль болатын, - деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
Финалда қазақстандықтар Украина мен Израиль құрамалары арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі. Кездесу Астана уақытымен сағат 15:30-да басталады.
Айта кетейік, командалық жарыста ел намысын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Кирилл Проходов қорғауда.
Еске салсақ, ел құрамасы семсерлесуден әлем чемпионатының ширек финалына шыққанын жазғанбыз.