Референдум-2026

Астанада «Болашақ ойындары – 2026» кезінде әуежайға қатынайтын жолдар шектелуі мүмкін

Бүгін, 12:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Болашақ ойындары – 2026» кезінде әуежайға қатынайтын жолдар шектелуі мүмкін
Фото: Астана халықаралық әуежайы

Елордада 29 шілдеден бастап халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» іс-шарасының өтуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz FlyArystan әуе компаниясына сілтеме жасап.

Шектеулер қаладағы бірқатар жол учаскелеріне, соның ішінде әуежайға апаратын бағыттарға да әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты әуе компаниясы жолаушыларға жол жағдайын алдын ала тексеріп, кептелістерді ескере отырып, сапар уақытын жоспарлауды ұсынды.

«Әуежайға ұшуға дейінгі барлық рәсімдерден уақытылы өту үшін жолаушыларға әуежайға алдын ала келуге кеңес береміз. Ішкі рейстерге шығатын азаматтарға әуежайға ұшуға дейін кемінде 2 сағат бұрын, ал халықаралық бағыттағы жолаушыларға кемінде 3 сағат бұрын келуді ұсынамыз», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ әуе компаниясы әуежайға уақытылы жету жолаушының жеке жауапкершілігі екенін ескертті.

Еске салсақ, Астанада «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорт турнирі аясында өтіп жатқан Phygital Sports Summit Astana 2026 форумы басталды.