Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінің спорт басшылары Астанаға келді
«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турниріне қатысу үшін Астанаға Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Урмат Асанбаев, Қырғыз Республикасының құрметті азаматы, профессор Хабибула Файзулаұлы Анарқұлов және Өзбекстан Республикасының спорт министрі Адхам Ильхамұлы Икрамов келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Құрметті меймандарды Астана халықаралық әуежайында Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қарсы алып, қазақ халқының қонақжайлығын танытатын ықылас білдірілді.
«Шетелдік делегациялар Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирінің ашылуы мен ресми жиындарына қатысады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, байрақты бәсекеде 35 елден келген 800 спортшы сегіз дисциплина бойынша бақ сынайды.


Еске салсақ, «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирі аясында Астанада электрлі аэротакси көпшілік назарына ұсынылады.