Сауда министрлігі: Wildberries-тен жаңа қойма салуға қатысты ресми өтініш түскен жоқ
Wildberries компаниясынан Қазақстан аумағында қосымша қойма қуаттарын орналастыру мәселесіне қатысты ешқандай ресми өтініш түскен жоқ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, егер тиісті ұсыныстар келіп түскен жағдайда, олар Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескеріле отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралатын болады.
«Министрлік үшін халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүдделеріне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы маңызды. Мұндай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс», - делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды.
«Тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару процестері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларымен реттеледі. Осыған байланысты нарықтың жекелеген қатысушылары үшін қандай да бір ерекше жағдайлар немесе арнайы талаптар көзделмеген», - деп хабарлады ведомствода.