Референдум-2026

Астанада құрылыс алаңынан 1,2 млн теңгенің кабелін ұрлаған күдікті ұсталды

Бүгін, 15:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада құрылыс алаңынан 1,2 млн теңгенің кабелін ұрлаған күдікті ұсталды
Фото: Астана қаласы полиция департаменті

Астана қаласының полиция қызметкерлері құрылыс нысанынан ірі көлемде мүлік ұрлаған күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Анықталғандай, 34 жастағы ер адам таңғы уақытта Қалдаяқов көшесінде орналасқан құрылыс алаңына келіп, еркін қолжетімділікті пайдалану арқылы бетонды жылытуға арналған кабельді жасырын жымқырған. Ұрланған мүліктің жалпы құны 1 млн 200 мың теңгені құрады.

«Құрылыс нысанының жауапты тұлғасы келтірілген шығын бойынша полицияға арызданған. Оқиғаға байланысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полиция қызметкерлері құрылыс алаңындағы және оған жақын аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Кейін ол ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді», - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

​Полиция құрылыс нысандарының иелерін бағалы құрылыс материалдарын күзетілетін жерде сақтауды, аумақты бейнебақылау жүйелерімен және жарықтандыру құралдарымен жабдықтауға шақырды. Сонымен қатар, азаматтарға бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салсақ, Астанада автокөлік бөлшектері дүкенінің бұрынғы қызметкері қоймадан қымбат фараларды ұрлады деген күдікке ілінді.