Еліміздегі су қоры суару маусымына жеткілікті - Сейілбек Нұрымбетов
Биыл 1,2 млн гектар алқапты суару үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланған. Қазіргі таңда республикалық, коммуналдық және жеке меншік су шаруашылығы ұйымдары шаруалармен 36 мыңға жуық шарт жасасып, шамамен 1 млн гектар алқапты суару үшін 10,7 млрд текше метр су алуды көздеп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ОКҚ алаңында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов хабарлады. 20 шілдедегі жағдай бойынша нақты 7,8 млрд текше метр су алынып, шамамен 870 мың гектарға жуық егіс алқабы суарылды.
«Бүгінде еліміздің ірі су қоймаларында 64,2 млрд текше метр су жинақталған. Бұл олардың жобалық көлемінің 75%-ын құрайды. Қолда бар су қоры ағымдағы суару маусымының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті», - деді спикер баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, министрлік гидрологиялық жағдайды, су түсімі болжамдарын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимін күн сайын реттеп отырады.
Еске салайық, бұған дейін елдегі бес өңірдің су пайдалану лимиті бекітілгені туралы жаздық.