Елдегі бес өңірдің су пайдалану лимиті бекітілді
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері ОКҚ алаңында вегетация кезеңінің өту барысы және шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін суару маусымына дайындық өткен жылдың соңында басталды. Жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы ұйымдарының қатысуымен бірқатар кеңестер өткізіліп, онда алдағы суару маусымының тәуекелдері қаралып, қажетті шаралар айқындалды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2024–2028 жылдарға арналған ылғалсүйгіш дақылдардың, оның ішінде күріштің егіс алқаптарын қысқартуды көздейтін Жол картасы бекітілді.
«Жол картасында айқындалған егіс алқаптарының құрылымына мен маусым басындағы су шаруашылығы жағдайына сәйкес бес оңтүстік өңір бойынша су пайдалану лимиттері бекітілді. Атап айтқанда, Қызылорда облысына – 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына – 3,8 млрд текше метр, Алматы облысына – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына – 1,8 млрд текше метр, Жамбыл облысына – 900 млн текше метр су лимиті белгіленді», - деді су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар су шаруашылығы инфрақұрылымын дайындауға ерекше назар аударылды. Вегетация кезеңі басталғанға дейін 1840 шақырым суару арнасы тазартылып, 375 гидротехникалық құрылыс жөнделді және 273 сорғы агрегаты дайындалды.