Референдум-2026

ШҚО-да қайтарылған активтер есебінен 7 әлеуметтік жоба іске асырылды

Бүгін, 10:55
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ШҚО-да қайтарылған активтер есебінен 7 әлеуметтік жоба іске асырылды
Фото: видеодан скриншот/Бас прокуратура

Шығыс Қазақстан облысында прокуратура органдары мемлекетке қайтарған қаражат есебінен 7 әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жүзеге асырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Іске асырылған жобалардың қатарында Риддер қаласындағы жаңа көпбейінді аурухана кешені, Алтай ауданындағы МРТ орналастыруға арналған корпус, Шемонаиха ауданының Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Бозанбай, Асубұлақ, Отрадное және Большая Речка ауылдарындағы сумен жабдықтау нысандары бар.

Аталған жобаларды іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірдің 3,5 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Құрылыстың барысы және қалған әлеуметтік маңызы бар нысанның уақтылы іске асырылуы ШҚО прокуратурасының тұрақты бақылауында», - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін Арқалықта қайтарылған активтер қаражаты университетті реконструкциялауға бағытталғаны туралы жаздық.