Арқалықта қайтарылған активтер қаражаты университетті реконструкциялауға бағытталды
Арқалық қаласында Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ғимаратын реконструкциялауға бағытталған жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік жоба толық аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қостанай облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Жоба прокуратура органдарының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы аясында Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен іске асырылды.
Реконструкция нәтижесінде шамамен 2,5 мың студенттің білім алуына, университеттің профессор-оқытушылар құрамының тиімді еңбек етуіне қолайлы әрі заманауи жағдай жасалды. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, білікті мамандар даярлау ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Биыл Қостанай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты арқылы 6 әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған.
Олардың қатарында Арқалық қаласындағы әуежай, аурухана, перзентхана және студенттер жатақханасы, Жітіқара қаласындағы емхана, сондай-ақ Денисов ауданының Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар.
«Қайтарылған активтер қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысы Қостанай облысы прокуратурасының бақылауында», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған активтерден 593,2 млрд теңге түскені туралы жаздық.