3 қыркүйектен бастап Алматы – Үргеніш – Алматы бағыты бойынша тікелей рейстер ашылады
FlyArystan әуекомпаниясы «Арда Хива» туристік кешенімен бірлесіп Алматы қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның туроператорларына арналған кездесуді өткізді. Іс-шара Алматы – Үргеніш – Алматы жаңа халықаралық бағытының ашылуына арналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консулдығының өкілдері қатысып, бұл екі ел арасындағы туристік және іскерлік ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын айқындай түсті.
Кездесу барысында әуекомпаниясы жаңа бағыттың мүмкіндіктерін таныстырса, «Арда Хива» туристік кешенінің өкілдері Хорезм облысының туристік әлеуеті мен FlyArystan жолаушыларына арналған арнайы туристік топтамалар туралы ақпарат ұсынды. Туристік топтамаларға қонақүйде тұру және экскурсиялық бағдарлама кіреді.
Үргеніш қаласы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген көне Хиуа қаласынан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан.
Осы айдың басында FlyArystan мен «Арда Хива» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Алматыда өткен бұл кездесу аталған меморандумды іске асырудағы келесі маңызды қадам болды.
Алматы – Үргеніш – Алматы бағыты бойынша тұрақты тікелей рейстер 3 қыркүйекте басталып, аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Билеттер FlyArystan мобильді қосымшасында, әуекомпаниясының ресми сайтында және өзге де сату арналары арқылы қолжетімді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада «Болашақ ойындары – 2026» кезінде әуежайға қатынайтын жолдар шектелуі мүмкін екенін жаздық.