Елордадағы туристік полиция әрбір шетелдік қонақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
Елорда – күн сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін мыңдаған туристі қарсы алатын заманауи мегаполис. Ал олардың Қазақстан туралы алғашқы әсерін қалыптастыратын жандардың бірі – туристік полиция қызметкерлері. Туристік полиция – бұл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін ғана емес, шетелдік қонақтарға жол көрсететін, қажет кезде көмекке келетін, еліміздің қонақжайлығы мен қауіпсіздігін танытатын қызмет, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бүгінде Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің туристерге қызмет көрсету взводында 25 қызметкер еңбек етеді. Олар тәулік бойы елорданың туристер ең көп келетін төрт негізгі нүктесінде қызмет атқарады.
Туристік полиция қызметкерлері «Бәйтерек» монументі, «Нұржол» бульвары, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, Ғашықтар саябағы, «Астана Опера» театры, «Қазақ Елі» монументі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, EXPO аумағы, «Нұр Әлем» павильоны, «Астана Балет» театры мен Ботаникалық бақ маңындағы модульдік бекеттерде үздіксіз кезекшілік атқарады.
Олардың әр күні таңғы саптық жиыннан басталады. Қызметтік тапсырмалар нақтыланып, туристік нысандардағы жағдай сараланғаннан кейін инспекторлар бекітілген бағыттарға шығады. Осы сәттен бастап олар тек полиция қызметкері ғана емес, гид, аудармашы, кеңесші және қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсетуші маманның міндетін қатар атқарады.
Бірі қала картасын сұраса, енді бірі жол бағытын білгісі келеді. Кейбір туристер байланысқа шығу үшін SIM-картаға мұқтаж болса, тағы біреуі құжатын жоғалтып немесе жақындарын таппай абыржып жүруі мүмкін. Осындай сәттердің барлығында туристік полиция қызметкерлері жедел көмек көрсетіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.
Елорданың туристік полициясы бірнеше тілде еркін қызмет көрсете алады. Қызметкерлер қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, араб, өзбек және қырғыз тілдерін меңгерген. Бұл шетелдік қонақтармен ешқандай тілдік кедергісіз байланыс орнатуға, қажетті ақпаратты түсінікті әрі жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Туристік полиция үшін әрбір шетелдік қонақ – Қазақстанның қадірлі мейманы. Сондықтан олардың басты мақсаты – тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес, туристің елордада өзін еркін, жайлы әрі сенімді сезінуіне жағдай жасау.
Астана қаласы Полиция департаментінің туристік полициясы алдағы уақытта да елордаға келген әрбір қонақтың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп, Қазақстанның бейбіт, қауіпсіз және қонақжай мемлекет ретіндегі беделін нығайту жолында қызметін жалғастыра береді.