Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері AI платформасын жасады
AI-Sana бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері педагогтердің кәсіби қызметін қолдауға арналған AI-Lesson Study жасанды интеллект платформасын әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба университеттің Digital Lady технопаркі базасында жүзеге асырылды. Әзірлемеге инженер-бағдарламашы Рамазан Байсұлтан мен Lesson Study зерттеуінің жетекшісі Ләззат Рсалина ғылыми-әдістемелік жетекшілік етті.
Жоба авторларының айтуынша, платформаның негізіне Lesson Study педагогикалық тәсілі алынған. XIX ғасырда Жапонияда қалыптасқан бұл әдіс бүгінде АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания сияқты елдердің білім беру жүйесінде кеңінен қолданылады. Қазақстанда Lesson Study әдісі 2012 жылдан бері енгізіліп келеді. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті оны жоғары білім беру жүйесінде жүйелі түрде қолданған алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болды. Әдістеменің негізгі мақсаты – педагогтердің бірлесіп сабақ жоспарлауы, оқу үдерісін бақылауы және талдауы арқылы оқыту сапасын арттыру.

«Әзірленген AI-Lesson Study платформасы болашақ педагогтердің, оның ішінде Lesson Study әдісі бойынша зерттеу жүргізетін студенттердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Жүйе сабақ жоспарлау, оқушыларды бақылау, зерттеу нәтижелерін талдау және рефлексия кезеңдерін цифрландырып, жасанды интеллект негізінде әдістемелік ұсынымдар ұсынады», - делінген хабарламада.
Платформа құрамында пайдаланушының жеке зерттеу кабинеті, жасанды интеллект құралдары, әдістемелік материалдар базасы және зерттеу мәселелерін талқылауға арналған форум қарастырылған.
«Жобаны әзірлеу барысында студенттер жасанды интеллект технологияларын нақты цифрлық өнім жасауға қолдану бойынша тәжірибе жинақтады. Алдағы уақытта платформаның функционалдық мүмкіндіктерін толық іске қосып, білім беру ұйымдарында апробациядан өткізу және мектеп педагогтерінің күнделікті тәжірибесіне енгізу жоспарланып отыр», - деп хабарлады ведомствода.
Жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Digital Lady технопаркі – педагогика, ғылым және цифрлық технологияларды біріктіретін инновациялық алаң. Технопарк базасында Apple Class, 3D Lab және Атомдық және ядролық физика зертханалары жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым студенттердің жасанды интеллект негізіндегі цифрлық шешімдерді әзірлеп, оларды білім беру үдерісіне енгізуіне қолайлы жағдай жасайды.
Еске салсақ, Қазақстан DEC40-пен Smart City бағыты бойынша ынтымақтастық орнатты.