Қазақстан DEC40-пен Smart City бағыты бойынша ынтымақтастық орнатты
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен DEC40 (Global Digital Economy Cities Alliance) Smart region / Smart city, жасанды интеллект, цифрлық экономика және өңірлердің инновациялық дамуы саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалап, Өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
DEC40 – озық цифрлық шешімдерді ілгерілету, әлемдік үздік тәжірибелермен алмасу және «ақылды қалалар» саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында қалаларды, технологиялық компанияларды, ғылыми ұйымдарды және халықаралық серіктестерді біріктіретін халықаралық ұйым.
«Аталған келісімге қол қою Қазақстан үшін өңірлерді халықаралық Smart City экожүйесіне біріктіруге, сондай-ақ цифрлық технологияларды әзірлейтін әлемдік жетекші компаниялармен серіктестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», - делінген хабарламада.
Ынтымақтастық аясында мыналар көзделеді:
- Smart City, жасанды интеллект және цифрлық басқару саласындағы озық шешімдерді енгізуге ықпал ету;
- Қазақстан өңірлеріндегі жобаларды іске асыру үшін халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторларды тарту;
- қалаларды цифрлық трансформациялау бойынша әлемнің үздік тәжірибелерімен алмасу;
- Қазақстан өкілдерінің халықаралық білім беру бағдарламаларына және біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысуына қолдау көрсету;
- бірлескен іс-шараларды, сарапшылық сессияларды және іскерлік миссияларды ұйымдастыру;
- инновациялар мен цифрлық экономика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Алғашқы практикалық қадамдардың бірі ретінде Қазақстанның Smart Region / Smart City бағыты бойынша басым жобаларының тізбесі қалыптастырылатын болады. Бұл жобалар технологиялық шешімдерді, стратегиялық серіктестерді және әлеуетті инвесторларды іздеу мақсатында DEC40 халықаралық қауымдастығына ұсынылады.
Сонымен қатар, тараптар биыл Астана қаласында DEC40 мүшелерінің, Қазақстан өңірлерінің өкілдерінің, жетекші халықаралық технологиялық компаниялар мен инвестициялық қауымдастықтың қатысуымен Smart City тақырыбындағы халықаралық форум өткізу мүмкіндігін пысықтауда. Форум өңірлік жобаларды таныстыруға, B2G және B2B кездесулерін өткізуге, сондай-ақ цифрлық шешімдерді қаржыландыру механизмдері мен заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылауға арналған алаң болмақ.
DEC40-пен ынтымақтастық өңірлерді цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектті дамыту және Smart City технологияларын енгізу жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды кезеңге айналады. Сонымен қатар, бұл халықаралық сараптаманы, озық технологиялар мен инвестицияларды тартуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және Қазақстан қалаларының орнықты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«DEC40-пен келісімге қол қою Қазақстан өңірлеріне халықаралық технологиялық компаниялар желісіне, әлемдік үздік тәжірибелерге және инвестициялық мүмкіндіктерге тікелей қол жеткізуге жол ашады. Біздің міндетіміз – заманауи технологияларды енгізіп қана қоймай, әрбір өңір халықаралық серіктестерді тарта отырып, AI Native City қағидаттарына негізделген өз жобаларын іске асыруына қолайлы жағдай жасау», – деді Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев.
Еске салсақ, Әуезов университетінде интеллектуалды цифрлық сервистер енгізілді.