Шерзат Полат ісі : басты сот талқылауы қашан өтетіні белгілі болды


Бүгін Талдықорғандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазан күні Алматы облысы Талғар қаласында түнде төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болды.
Аталған оқиғаға байланысты 9 адамға айып тағылып отыр. Олардың біреуі – кәмелет жасқа толмаған. Сотталушылар іске алқабилердің қатысуына қарсы болып, отырыс алқабилерсіз қаралды.
Бүгінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев айыптау актісін оқып берді.
Судья Ержан Жанұзақовқа сот отырысы Талдықорғанда емес, Қаскелеңде өткізу туралы өтініш жасалды. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.
«Сотталушыларды айыптау туралы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауын Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 2025 жылғы 17 сәуірде 10:00-де өткізу тағайындалсын. Одан кейінгі сот отырысы 2025 жылғы 18 сәуірге тағайындалды. Яғни, аптасына екі күн, бейсенбі және жұма күндері өтеді»,- деді судья Ержан Жанұзақов.



