Референдум-2026

Елімізде 72 теміржол вокзалы жаңартылды

Бүгін, 17:48
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 72 теміржол вокзалы жаңартылды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын абаттандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда бүкіл ел бойынша 124 вокзалды реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыстар вокзал инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуды көздейді, олар: ғимараттар мен инженерлік желілерді жаңарту, платформалар мен вокзал маңындағы аумақтарды реконструкциялау, күту залдарын кеңейту, заманауи қауіпсіздік жүйелерін, лифтілер мен көтергіш құрылғыларды орнату, сондай-ақ кедергісіз орта құру. Ең қатты тозған нысандарда ескі ғимараттар толығымен бұзылып, орнына жаңа жолаушылар кешендері салынды.

«20 тамыздағы жағдай бойынша Үкімет еліміздің 17 облысында 72 теміржол вокзалын реконструкциялауды аяқтады. Тамыз айының соңына дейін тағы 34 вокзалды пайдалануға беру жоспарлануда, 15 нысанда жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін бітеді», - делінген хабарламада.

Жалпы алғанда, биыл 124 вокзалдың 121-ін реконструкциялау жоспарлануда. Тағы үш ірі нысан – Астана, Алматы және Түркістан вокзалдары 2027 жылы аяқталады. Олардың тарихи-архитектуралық құндылығы бар, сондықтан жұмыстар ғимараттардың бастапқы сәулеттік келбетін сақтауға қойылатын талаптарды ескере отырып, жеке кесте бойынша жүргізілуде.

Вокзалдарды жаңғырту инфрақұрылымды артып келе жатқан жүктемеге бейімдеуге және ірі тораптық стансалармен қатар өңірлерде де жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.

«Қабылданып жатқан шаралар теміржол инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Теміржол тасымалын дамыту және вокзалдарды жаңарту аясында жолаушылар ағынының одан әрі өсуі күтілуде, бұл көлік тораптарына жүктемені арттырады және қызмет көрсетудің заманауи стандарттарын сақтауды талап етеді», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бүгінге дейін Ауыл, Белағаш, Қонаев, Ақкөл, Курорт-Боровое, Макинка, Шортанды, Аққыстау, Ганюшкино, Риддер, Шемонаиха, Талдықорған, Қазақстан, Семиглавый Мар, Шыңғырлау, Айса, Нұра, Қарағанды-Сұрыптау жұп, Қарағанды-Сұрыптау тақ, Жаңа-Қарағанды, Құсмұрын, Аманқарағай, Талап, Жаңақорған, Қазалы, Шиелі, Бозшакөл, Тайынша, Жаңаесіл, Саумалкөл, Теміртау, Жақсы, Қарасор, Шетпе, Жетісу, Сарыоба, Аршалы, Сарыбел, Дария, Мырза, Шамалған, Железорудный, Ұзынағаш, Сексеуіл, Сағыз, Доссор, Мақат, Ақадыр, Тимур, Арыс-2, Мойынты, Жалтыр, Державинск, Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Шалқар, Шұбарқұдық, Боранды, Көктұма, Ақши, Шідерті, Қалқаман, Манкент, Жаңаарқа, Қызылжар, Қаражал, Орал, Алтай, Күмістау, Арқалық, Түлкібас вокзалдары пайдалануға берілді.

Еске салсақ, Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланың негізгі салаларын кең ауқымда жаңғырту туралы тапсырмаларын орындау үшін жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр.