Астанада 150 мыңға жуық фишингтік SMS таратқан топ ұсталды
Астана қаласында елорда прокуратурасының үйлестіруімен азаматтардың дербес деректері мен ақшалай қаражатын иемдену мақсатында фишингтік хабарламаларды жаппай таратумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Биылғы жылдың қаңтар айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы ақшалай сыйақы үшін Қазақстан аумағында заңға қайшы қызметті ұйымдастыруға жергілікті тұрғынды тартқан.
Қылмыстық схемаға жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа да адамдар тартылған.
Құқық бұзушылар ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын және операторлардың сүзгілеу жүйелерін айналып өтіп, хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік беретін «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған.
«Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ операторларының абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан бонустарды айырбастау туралы ұсыныстармен шамамен 150 мың фишингтік SMS-хабарлама жіберілген. Сілтемеге өткен кезде пайдаланушылар жалған сайтқа бағытталып, онда олардан дербес және банктік деректерін, оның ішінде төлем карталарының деректемелерін, CVV кодын және SMS арқылы жіберілген растау кодын енгізу талап етілген», - делінген хабарламада.
Қаскөйлер азаматтардың құпия ақпаратына және олардың банктік қаражатына қол жеткізген.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі SMS-бластерді тәркіледі. Жүргізілген сараптама нәтижесінде аталған құрылғы жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал болып табылатыны анықталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 399-бабының 2-бөлігі, яғни «Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану» бойынша тергелуде.
Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмеді.