Аудиттен кейін ҚазҰУ-да бюджет гранттарына бақылау күшейтілді
Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті бюджет гранттарын бақылауды күшейту үшін «Univer» ақпараттық жүйесін жаңғыртты. Сондай-ақ, кемінде бес жылда бір рет міндетті түрде оқытушылардың біліктілігін арттыратын болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, университеттің «Univer» ақпараттық жүйесі жаңартылды. Әзірлеушілер гранттық қаражаттың қозғалысын қадағалап отыру үшін платформаның функционалын кеңейтті. Енді жүйе студенттер мен олардың академиялық үлгерімі туралы өзгермейтін тарихи деректерді міндетті түрде сақтап отырады. Білім беру грантын сақтап қалу сессия нәтижелеріне тікелей байланысты болғандықтан, өзгермейтін баға архиві деректерді өткен күнмен түзетуге жол бермейді. Айта кетейік, «Univer» платформасы 2026 жылғы шілдеде киберқауіпсіздікке кешенді тексеруден өткізілді.
Екінші маңызды қадам ҚазҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін үздіксіз арттыру болды. ЖОО-ның ғылыми кеңесі Сапаны қамтамасыз ету саясатының жаңа редакциясын бекітті, университеттің Біліктілікті арттыру институтының жұмыс қағидалары қосымша жаңартылды. Екі құжат та қазір әрбір оқытушыға кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өту міндетін жүктейді.
Еске салайық, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата жасырын сауалнамадан өтуге шақырғаны туралы жаздық.